Көкшетау
қаласы
№35 «Болашақ» балабақшасы
орыс тілі мұғалімі: Тайшикова К.К.
қазақ тілі мұғалімі: Кубашева А.Н.
Балалардың бойына
адамгершілік қасиеттерді сіңіре білейік
Шәкәрім атамыздың «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар: барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» дегеніндей, құнды қасиеттерге ие, рухани бай адамды қалыптастыру шынында да оның туған кезінен басталса керек. Бұл орайда білім беру қызметкерлеріне де болашақ ұрпақты тәрбиелеуге үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан бұл істе асығыс шешім қабылдап, жалған әдіске жүгініп, қалыптағыдай қатып қалған, ескірген тәсіл қолданудан қашып, керісінше, болашақ ұрпақтың түзу жолмен жүріп, дұрыс қалыптасуына жағдай жасалуы керек.
Рас, адамгершілігік тәрбиесінің маңызы мектептің күн тәртібінен ешқашан түскен емес, бірақ, білім жүйесіндегі зымырандай жылжыған уақыт талабы мен мұғалімнің шамадан тыс жүктемелері әр баланың іс-әрекетіне шығармашылықпен үңіліп, жеткілікті көңіл бөлуіне мойын бұрғызбай келе жатқаны жасырын емес.
Адам бойына сиятын барлық адамгершілік құндылықтар бала бойына үлкен мен кішінің арасындағы шынайы қарым-қатынас кезінде дариды. Осы күні біз, педагог қауымы, бала жанының бағбаны бола алып жүрміз бе? Жүрегі таза, ниеті ақ, пейілі кең, пәк періште күйінде жас бүлдіршін, жақсы азамат қатарына қосылып кетіп жатыр ма? Міне осындай сұрақтар кімді болса да мазалайтыны рас, даусыз. Өйткені, қазіргі қоғамда шығып жатқан жат қылықтардың көбі жастардың қолымен істеліп жатқанын жасыра алмаймыз. Әрине оның басты себептерін жан-жақты іздеуге болады. Ата-анасын, жүрген ортасын, дос-жарандарын қосқанда баланың тәрбиесіне мұғалімнен басқа
бірнеше адамның қатысы бар. Олардың барлығы бір мақсатта болғанымен, бір ойдан шығуы мүмкін емес қой деген пікірдің тууы ғажап емес. Бірақ, баланың қалыптасуына ықпал етіп, дамуына үлес қосатынын есте ұстар жағдайлары жетерлік.
Балаға жүрек жылуы қашанда қажет. Ата-анадан көрмеген сүйіспеншілікті мұғалімнен көрген бала, менің ата-анам да осындай болса екен деп армандауы мүмкін. Мұғалімін тек жақсы қырынан таныған бала үшін оның айтқаны анық, дегені дәл болып көрінеді.
Алтын бесігі – отбасы болса, алтын ұясы – балабақшасы. Ал, олардың алтынға бағалануы неліктен? Екеуі де қасиетті, әрі қастерлі. Өйткені отбасы адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, жетілдіріп жатса, балабақша білім, тәрбие беріп, азаматтылық құндылықтарымен толысқан, жан-жақты жетілген бала етіп шығарады. Абай атамыз жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары. Екіншісі – білсем екен деп ұмтылып, одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары», деген
үлкен пәлсапалық ой жатыр. Яғни, балаға туғаннан тән азығы қандай қажет болса, жан азығы – жылулық, сүйіспеншілік сондай қажет. Ал осы қажеттіліктерді қанағаттандырмай, түпкі мақсат ешқашан орындалмайтыны анық. Мұны ата-ана да, мұғалім де әсте естен шығармағаны абзал.